Маңғыстауда 1 сыныпқа өтініш қабылдау басталды
Маңғыстау облысында 1 сәуірден бастап 2022-2023 оқу жылына 1 сыныпқа өтініш қабылдау басталды. Бұл туралы облыстық Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы білім беру бөлімінің басшысы Клара Құлатаева хабарлады.
Өткен жылы ата-аналардың 90%-ы электрондық портал арқылы өтініш берген.
Қажетті құжаттар тізімі:
• баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
• 026/у-3 нысаны бойынша денсаулық паспорты;
• 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат (екпе картасы);
• 3х4 көлеміндегі фотосуреттің екі данасы.
Балаларды гимназиялар мен лицейлердің бірінші сыныбына қабылдау үшін білім беру ұйымдары күнтізбелік жылғы 15 маусымға дейін дербес белгілейтін емтихандар өткізеді. Емтихан мерзімдерін, нысандары мен тапсырмаларын гимназия, лицей мекемелері дербес анықтап, белгілейді.
Сондықтан бұл білім беру ұйымдарына оқушылар емтихан тапсырып болғаннан кейін 16 маусымнан бастап 1 тамызға дейін өтініш тапсыра алады.

