Маңғыстауда жол саласы мамандары экологиялық науқанға атсалысты
ҚР КМ Автомобиль жолдары комитетінің «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық-мемлекеттік кәсіпорнының Маңғыстау облыстық филиалының ұжымы «Таза Қазақстан»республикалық акциясы аясында өңірдегі тазалық жұмыстарына белсенді атсалысты, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жол құрылысы инженерлері мен зертханашылар Ақтау қаласынан Қарақия ауданы Құрық кентіне дейінгі автожол бойын қоқыс қалдықтарынан тазартты. Ортақ іске жұмылдырылған өнімді еңбек нәтижесінде күл-қоқыс арнайы қаптарға салынып, жүк көліктерімен полигонға жеткізілді.
– Біздің мекеме мамандары өңірдегі автожолдардың ағымдағы жай-күйін үнемі бақылап отырады. Күнделікті іс-шаралар барысында да біз жол жиегін қоқыстардан тазартамыз. Кейде жолдың белгілі бір бөлігіне қоқыс қалдықтарын жинақтап, сол учаскеге жауапты мердігерді хабардар етеміз. Өкінішке орай, кейбір жүргізушілер мен жолаушылар көліктің терезесінен бөтелкелерді, тамақ қалдықтары мен гигиеналық заттарды тастайды. Осы орайда біз Маңғыстау тұрғындарын табиғатты сүюге және тазалығын сақтауға шақырамыз. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру қарапайым қағидалардан басталады»,-дейді бірінші санатты инженер-жолшы Гүлзира Керімбаева.
Айта кетейік, жол саласы мамандарының атсалысуымен экологиялық акция 20-21 сәуірде өтті. Іс-шараға «Қазавтожол» ұлттық компаниясымен қоса «Қажсервис» компаниясының Маңғыстау облысындағы филиалының қызметкерлері де қатысты. Аталған мекемелер автожолдарды салуға және күтіп ұстауға жауапты.
#тазақазақстан🇰🇿

