ҚАРАҚИЯЛЫҚ ҮЗДІК ТҮЛЕКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ
Бүгін, 12 маусым күні қарақиялық мектеп бітірушілер арасындағы мыңнан жүйрік шыққандарға «Алтын белгі» төсбелгісі мен үздік аттестат табыстауға арналған “Қарақия мақтаныштары” атты салтанатты шара өтті.
Аудандық мәдениет үйінде өткен шараға аудан әкімі С.Төретаев, аудандық мәслихат депутаты Ж.Қалаубай, білім бөлімінің басшысы мен мамандары, мектеп директорлары, оқушылар және ата-аналар қатысты.
Аудан әкімі өз кезегінде: “Он бір жыл мектепте үздік оқып, ата-ана мен ұстаздарының қуанышы болған сіздер – ауданымыздың ғана емес, еліміздің де мақтанышысыздар. Үлкен өмір жолына бастар қадамдарың сәтті болсын. Әрқашан сәтті жол болсын!” – деп түлектерге жылы лебізін білдіріп, алтын белгі иегерлеріне төсбелгі табыстады.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаты Ж.Қалаубай оқушыларды жетістіктерімен құттықтай отырып, оларға үздік аттестат пен аудан әкімі алғысын табыстады.
Салтанатты шара сәтінде ата-аналар да қалыс қалмай аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Олар балаларына 11 жыл бойы тәрбие мен білімді қатар берген ұстаздарға алғыс айтып, жылы лебізін білдірді.
Мерекелік жиынның соңы мектеп бітіруші түлектердің “Қоштасу вальсі” билеуімен аяқталды.
Айта кетейік, биыл біздің мектебімізден 4 оқушы үздік аттестат иегері атанды.




