Еске алу, көңіл айту: Шәкірттерінің жүрегінен жол тапқан әріптес!
Күні кеше ғана ортамызда жүрген аяулы әріптесіміз, құрметті ұстазымыз, ардагер ұстаз Шарбосина Зәуреш Нұрбайқызы өмірден өтті. Азғана уақыт ауыр дертпен күресіп жүрген ұстаз туралы суық хабар жеткенде сенерімізді білмей, есеңгіреп қалғандай жағдайда болып едік. Зәуреш Нұрбайқызы туралы өткен шақта жазу қандай қиын…
1960 ж Ақтөбе облысы Октябрь ауданы Еңбек ауылында туған. 1968 жылы туған ауылындағы Еңбек бастауыш мектебіне барып,1977 жылы Талдысай орта мектебінде оқып аяқтады. 1977 жылы Ақтөбе қаласындағы педагогикалық институтына физика- математика факультетіне оқуға түседі. Денсаулығына байланысты 1978 жылы сырттай бөліміне ауысып педагогикалық еңбек жолын Еңбек ауылындағы «еңбек сегізжылдық» мектебінде мұғалім болып бастайды. 1980 жылы Насыров Ахатпен тұрмыс құруына байланысты Талдысай орта мектебіне тәрбие жөніндегі орынбасар және математика пәні мұғалімі болып орналасып еңбек жолын жалғастырды. 2001 жылы отбасының қоныс аударуына байланысты Қандыағаш қаласына №1 мектепке математика пәні мұғалімі, 2002 жылы Жаңаөзен қаласына қоныс аударып №7 мектепте өз мамандығы бойынша жұмысын жалғастырды. 2006 жылы Қарақия ауданына қарасты Бостан ауылына қоныс аударып Қарақұдық орта мектебіне математика пәні мұғалімі болып, зейнеткерлікке шыққанға дейін абыройлы қызмет атқарды.2020 жылы зейнеткерлікке шығып, маманның жетіспеуіне байланысты 2023- 2024 оқу жылын аяқтағанға дейін жұмысын жалғастырды.
Оның іскерлік тәжірибесі облыстық, аудандық деңгейде бағаланды. Нәтижесінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімдері мен білім бөлімдерінің «Алғыс хат», «Құрмет грамоталарымен» және Қарақия ауданының 45, 50 жылдық төсбелгілерімен марапатталды.
«Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, шәкірт жүрегінен жол тапқан Зәуреш Нұрбайқызының әрбір ісі мен еңбегін бағалап, ұлағатты ұстаз, адамгершілігі мол адам ретінде жарқын естелік, Қарақұдық орта мектебі ұжымының есінде мәңгі сақталады. Аяулы әріптес жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын!

